- 08.05.2025
«Алаш Прайдта» арландар ғана айқасады
Данияр Қасқарауов – қазақ ММА-сының тарихы мен тағдыры жайлы
Қазақ спортындағы ерекше құбылыс саналатын «Алаш Прайд» ұйымы туралы айтқанда, бірден көз алдымызға нағыз батырлардың айқасы, ұлт рухын көтерген жекпе-жектер мен спортшылардың үлкен ареналарға жол тартуы елестейді. Бұл ұйымның іргетасын қалаған азамат – Данияр Қасқарауов. Ол – тек спорт менеджері емес, ұлттық рухтың насихатшысы, ержүрек арландарды баптап, әлемдік додаларға шығарған тұлға.
BEREN LIVE бағдарламасының кезекті шығарылымында Қасқарауов көрермендермен «Алаш Прайдтың» құрылу тарихын, алғашқы жарыстар мен жаһандық аренадағы қазақ жауынгерлерінің тағдырын бүкпесіз бөлісті. Бағдарлама барысында Емельяненко мен Ақылбеков арасындағы айқастан бастап, Арман Оспановтың UFC-ке шыға алмау себептері, Қуат Хамитовпен арадағы келіспеушілік, және Артем Резниковтың алтын белбеуге таласы сынды маңызды тақырыптар қозғалды.
Сонымен қатар, ол қазақстандық промоушендердің көбеюінің маңыздылығын, допинг дауларының астарларын, және еліміздегі әйелдер ММА-сының болашағына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Әсіресе, Қасқарауовтың «Алаш Прайд» тек спорт емес – бұл идеология» деген сөзі терең мәнге ие.
Ғалым Сүлейменнің жүргізуімен өткен бұл сұхбатта ұлттық спорт идеологиясы, әділдік пен намыс, қазақ спортшысының шетелдік аренадағы бейнесі жан-жақты талқыланды.
Бүгінгі күнде жаһандық ММА сахнасында танылып жүрген Арман Оспанов, Қайрат Ахметов, Артем Резников сынды спортшылардың артында тұрған үлкен мектеп – дәл осы «Алаш Прайд». Бұл тек жекпе-жек ұйымы ғана емес, бұл – қазақ рухының алаңы.